Кездесу мақсаты – BINOM желісінің білім беру үдерісімен, педагогикалық құрамымен, инфрақұрылымымен және академиялық тәсілімен жақынырақ танысу.
Құрметті қонақты BI Education компаниясының директоры Мәди Каргин, BINOM мектептері желісінің атқарушы директоры Шолпан Қадырова және мектеп директоры Марс Аблезов қарсы алды.
Кездесу барысында атқарушы директор Ш. Қадырова мен мектеп директоры М. Аблезов министрге мектептің негізгі білім кеңістіктерін көрсетті: оқу кабинеттері, зертханалар, демалыс және шығармашылық аймақтары, сондай-ақ заманауи жабдықталған, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасы таныстырылды.
Өз кезегінде Марс Аблезов оқу үдерісінің құрылымы, ұстаздардың рөлі және мектепте қолданылатын әдістемелер туралы айтып, әр оқушыға жеке көзқарастың және инновацияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында BI Education компаниясының Chief Learning Officer–і Арайлым Мағзұмова BINOM желісінің академиялық жетістіктеріне тоқталды: BINOM мектептері оқушылардың үлгерімінде тұрақты өсім көрсетіп келеді, зияткерлік, спорттық және шығармашылық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Сондай-ақ халықаралық білім стандарттары, заманауи педагогикалық технологиялар және мұғалімдердің біліктілігін үнемі арттыру мәселелері көтерілді.
Айта кетсек, BINOM мұғалімдері жыл сайын жан-жақты кәсіби даму бағдарламаларынан өтеді: халықаралық сарапшылардан білім алу, тренингтер мен мастер-класстарға қатысу – барлығы да оқыту сапасын арттыруға және жоғары стандарттарды сақтау мақсатында жүзеге асырылуда.
